Публикации


Декабрь
ПН
ВТ
СР
ЧТ
ПТ
СБ
ВС
1
2
3
5
6
7
8
9
10
11
12
13
14
15
16
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
31
03.03.2014
ЖОЛДАУ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ

Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың "Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты республика халқына арнаған биылғы Жолдауы тек елімізде, кешегі посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттерде ғана емес, ғаламшардағы барлық елдерде ғылыми, экономикалық және әлеуметтік-саяси сараптамаларға алғышарттар жасап отыр. Ашығын айтайық, қазір әлемнің көптеген елдерінде бәлендей тиімді геосаяси жағдай байқалып отырған жоқ. Беймаза уа- қыттың аясында түрлі дүрбелең, саяси әрі экономикалық келеңсіздіктер, дағдарыс элементтері белең алған шақта, елдің ішкі-сыртқы саясатын, экономикалық-қаржылық әлеует пен әлеуметтік мүмкіндіктерді асқан сұңғылалықпен есептеп, Елбасының батыл міндеттер белгілеуін айрықша құбылыс деп бағалағанымыз абзал. Елбасы аузынан шыққан Мәңгілік Ел - қалыптасқан әрі қуатты мемлекетіміздің жарқын болашағы, ал, Қазақ елі атауы республика халқының біртұтас әрі кешенді арманы мен аңсары, мақсаты мен мүддесі дер едік.

​​Республикада ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) үш пайызын ғылымға бөлу, ғылыми қамтымды экономика құруға баса мән берген Елбасы "Мәңгілік ел" Стратегиясында білім мен ғылыми - зерттеу жұмыстарының алатын орнына тоқтала келіп, университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу, талантты студенттерді қолдаудың тиімді жүйесін жасау ісін ба сты міндет етіп қойды.

Қазақстан Республикасының 2011- 2020 жылдары білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, университет білім берудің халықаралық стандарттарына кезеңдік көшуді, инновациялық технологиялар мен СМЖ қағидаларын ұстана отырып, жоғары кәсіптік және жоғары оқу орнынан кейінгі білім сапасын жоғарылатуды, қоғамдық, экономикалық байланысты және ұжымдық рухты нығайтуды жүзеге асыруда.

2004 жылдан бастап, кредиттік оқу технологиясы енгізіліп, 2007 жылы күндізгі бөлімнің барлық мамандықтары, 2008 жылдан бастап сырттай бөлім мамандықтары толықтай осы жүйеге ауысты.

Университет Еуропа Кеңесінің конвенциясын орындауындағы Академиялық мойындау және мобильділік бойынша ұлттық ақпараттық орталықтар желісінің (ЮНЕСКО), Халықаралық кадрлар академиясының құрамына енді. Жоғары дәрежелі мамандар дайындағаны үшін, сондай-ақ халықаралық қатынасты нығайтқаны үшін Халықаралық кадрлар академиясының "Білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін" орденімен марапатталды.

Оқу орны Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының, Ресей Заң Ғылымдары Академиясының мүшесі болып табылады. Университет Қазақстанның Болон процесіне қосылу бағдарламасының аясында Қазақстан Республикасы Университеттерінің Меморандумына (Тараз декларациясы) қол қойған 15 жоғарғы оқу орындарының қатарына енді. Бакалаврлармен қатар, "Заңтану", "Экономика", "Ақпараттық жүйелер", "Қазақ тілі мен әдебиеті" магистранттары даярланады. Сондай-ақ, оқу орнымыз жанынан құрылған Орталық Қазақстан гуманитарлық, Құқықтық және салыстырмалы және тарихи - ағарту ғылыми - зерттеу институттары, "Мирас" орталығы қызметі біраз жерге танымал. 1 миллион данадан аса қоры бар кітапхана әдебиеттер мен оқулықтарға бай. Ал, "Болашақ Баспа" редакциялық - баспа бөлімі оқу үдерісіне қажетті монография, оқу құралдарын және оқу-әдістемелік кешендерін басып шығаруда. Қасым Аманжолов атындағы "qasym.kz" әдеби порталы, "Тіл және рух", "Лимонад", "Эврика" мәдени және ғы- лыми-танымдық журналдары студенттеріміздің шығармашылық талаптарын ұштауға жол ашып жүр.

Айта кету керек, білімнің де, маманның да бәсекеге қабілеттілігі алдымен бағаланар уақытта түлектеріміздің кез келген сынаққа сай болып даярлануы басты мақсатымыз. Сонымен бірге, студенттер біліктілігін жетілдіру үшін кейбір сұранысы аздау мамандықтарды іштей жаңғырту және оқу бағдарламасына студентке мол жүктеме артпайтын оңтайлылық енгізу ұмытылмауда. Мәселен, мемлекеттік тіл елдегі түрлі этностар үшін ұйыстырушы күшке айналуы тиіс болып табылатындықтан, шәкірттеріміздің қазақ қана емес, орыс мектептерінде де еңбек ете алуына арналып, "Орыс мектебіндегі қазақ тілі мен әдебиеті", "Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі", "Әлеуметтік қызметкер" сияқты мамандықтарға лицензия алу көзделуде. Бұл ретте ғылыми-оқытушылық әлеуетті көтеру, аталған мамандықтар бойынша жаңартылып, нақтылыққа негізделген, әбден дәйектелген жаңа оқу бағдарламалары өзімізде жасалады. Үш тұғырлы тіл қағидасына сәйкес, ағылшын тілі оқытушылары мен ұлт мектептеріндегі орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдері қатарын ұлғайту ойда бар. Бұлардың бәрі жалаң сан қуудан емес, жер-жердегі білім органдарымен тығыз байланыс жасау және еңбек рыногын нақты зерттеуден туған мақсат екенін айтуға болады. Осы тұста мына жайтқа тоқтала кеткен жен. Егер біз университетте білімнің де бәсекеге лайық болуын көздеп, кез келген орында өзінің кәсіби біліктілігі мен білімін дәлелдей алатын маман даярлауды мақсат тұтсақ - бұл орайда тек ЖОО ғана емес, жумыс беруші, яғни, сұраныс жасаушы жақ та маман сапасына мүдделі болуы керек. Сондықтан да, университетпен келісім - шарт жасасып, маманға сұраныс жасайтын орган бізбен тығыз байланыс орнатса, өте тиімді болар еді. Осы жерде бірлесіп, жұмыс істеуге байланысты таяуда ғана Қарағанды облыстық сотымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл орайда істер басқа ұйым, мекемелермен де бірлесу бағытында жүзеге асырылмақ.

Бәсекеге қабілетті білікті мамандар әзірлеу үшін шетел оқу орындарында "Болашақ" бағдарламасы бойынша жастарды оқыту еліміздің дамуына үлкен әсерін тигізді. Қазір дүние жүзіндегі қандай да білім ордасымен иық теңестіре алатын "Назарбаев Университеті" сынды іргелі оқу орнымыз алысқа танымал болып отыр. Барлық өңірлерде Назарбаев зияткерлік мектептері ашы- луда. Міне, осылар білім беру ісін халықаралық стандарттар деңгейіне көтеруге үлгі танытып отырса, университетіміздің де осындай биікке үмтылуға мүмкіндігі бар. Күндізгі және сырттай бөлімдерде оқитын студенттер мен магистранттардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған десек, артық айтқандығымыз емес. Университетіміздің толайым табыстарға жетуі – оқытушы - профессорлар құрамының біліктілігі мен ғылыми әлеуеті дер едік. Бұған университетіміздің еліміздегі ЖОО-ы арасындағы жоғары рейтінгі айғақ және АҚШ-тың Айова штатындағы Лексингтон мен Түркиядағы Ататүрк университетімен ынтымақтастық байланыс соны көрсетеді. Әлемдегі ҚХР, Жапония, Ресей, Татарстан мен Башқұртстан т.б. елдердегі университеттермен тығыз байланыс орнату студент алмасуға, оқытушыларымыздың алма-кезек дәрістер оқуына, олардағы оқу, ғылыми жүмыстар, инновациялық оқытудың үздік технологиясымен танысуға мүмкіндік беріп отырғанын баса айтқан орынды. Орталық Қазақстан өңіріндегі білім мен ғылымның мықты орталығы болып отырған біздің университетте жоғарыда айтылған елдер ЖОО ректорлары, танымал профессорлар халықаралық конференцияларымызға қатысып, баяндама жасап келеді, студенттер мен оқытушыларға дәрістер оқуды

дәстүрге айналдыруда. Ал, біздің беделді ғалымдарымыз да сол елдерде ЖОО- на барып, осындай міндеттер атқаруда.

Сөз реті келгенде, айта кетсек, кейінгі жылдары университетімізде Куба, Франция, Түркия, Жапон елшілері, жауапты атташелері болған екен. Олармен кездесу тек ынтымақтастық шеңберін кеңейтуді ғана емес, білім мен ғылым, озық оқыту технологиясын бірлесіп талқылауға арналғанын айта кеткен жөн.

Шындығы керек, көп ретте қазақстандық білім жүйесінің кей тұстары ешкімнен кем еместігін айтпасақ болмайды. Мәселен, біздегі нақты мамандыққа деген нарық сұранысын қанағаттандыру, маман даярлаудағы оқыту бағдарламасын заманауи талапқа сай әзірлеу, салалық база кәсіпорын ұйымдардың қатысуымен алдағы уақытта маманның біліктілікке жетуі және білімін іс жүзінде лайықты көрсетуін анықтайтын тетіктер жүйесі үйренерлік. Мысалы үшін университетіміздің заңгер ғалымдары "Ювенология", "Қылмыстық процесс" т.б. оқу құралдарын әзірлеп, олар осы тектес ЖОО-да үлкен сұранысқа ие болып отыр. Құқықтық және салыстырмалы зерттеулер ғылыми - зерттеу институты "Қылмыс және қылмыскерлік: бағаның криминологиялық және экономикалық

-құқықтық қырлары" (жетекші - профессор Б.Нұрғалиев), саясаттану және жалпы білім пәндері кафедрасы "Қазақстандағы діни экстремизмнің пайда болу ерекшеліктері және оған қарсы әрекет тетіктері" (жетекші - профессор Я.Трофимов) атты үлкен гранттық жоба бойынша жұмыс істеуде. Жоғарыда аталғандай, университет жанындағы Орталық Қазақстан гуманитарлық ғылыми зерттеу институты "Сәкен Сейфуллин", "Мирас" ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми-шығармашылық тобы "Қаз дауысты Қазыбек би", "Бұқар жырау" тұлғалық энциклопедияларын жарыққа шығарған. "Мемлекеттік қызмет құрамын басқару жөніндегі Ұлттық орталық" АҚ-ның тапсырысы бойынша "ҚР нормативтік - құқықтық актілері бойынша тестілік тапсырмалар жинағы" әзірленді. "КарЛаг" шежіресінің бірнеше томы жарыққа шықты. Орталық Қазақстандағы жапон әскери тұтқындарының қасіретті тарихына арналған кітап шықты. Жапония жағының шақыртуымен профессор Н.Дулатбеков, зерттеуші Н.Жұмаділова т.б. сол елде болып, кітаптың таныстырылымын өткізді. Сөз ретінде айта кетейік, Иокоска қаласының (Жапония) екі талапкер қызы біздің университетте оқуда.

Елбасы Жолдауында "Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау кажет" деп атап көрсетілгендей, үздік оқитын, көп балалы отбасылардан шыққан, қоғамдық өмірде, мәдени және спорттық шараларда көзге түсіп жүрген студенттерге барынша көмек көрсетілуде. Г.Әбілғазина сияқты шәкіртіміз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры шәкіртақысының иегері. Тұрмысы төмен отбасылар, жетім, жалғызілікті жеткіншектердің 60-қа жуығы университет ректорының грантымен оқиды. Оқу орнымыздың атағын спорттағы жетістіктерімен алысқатанытушы Қазан Универсиадасының (Ресей) самбодан күміс жүлдегері Б.Қанжанов, осы күрес түрінен халықаралық жарыстардың жеңімпазы А.Дартаев, академиялық ескек есудің шебері СТерманович сынды саңлақтарымыздың талаптарын ұштауға барынша қолдау көрсетілуде.

Президент Н.Назарбаев аталған маңызды құжатта адамдарға қамқорлық - қоғам алдындағы парыз екенін ерекше атады. Осы нұсқауға сәйкес үжым мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын одан сайын жақсартуды басты мақсат санап отырмыз. Бұл күнде Балқаштағы демалу ор нымызды күрделі жөндеуден өткізуді бастадық. Қаланың алыс бөліктерінде тұратын оқытушылар мен студенттерді университетке жеткізіп, үйлеріне апарып тастауға автобус бөлінді. Студенттердің интернет желісіне тегін қосылу, университет бөлімдерінен тегін қалааралық қоңырау шалу, индивидуалды түрде оқыту, әрбір студентке езінің қабілеттілігін арттыруға мүмкін дік бар. Біздің университет студенттері нің басым бөлшегі ауылдық жерлер ден келгендер. Соларға арналған 250 орындық жақсы жатақханамыз бар.

Ақылы түрде оқитын студенттер үшін тиімді жеңілдіктер түрлері қарастырылған. Елбасы Жолдауында , алға қойылған міндеттерді қалтқысыз орындаудың басқа да шаралары қолға алынып жатыр.Университетте талантты студенттеріміз үшін едәуір жеңілдіктер жасалып, 50 грант бөлініп келсе, жаңа оқу жылынан бастап, үздіктер үшін айтулы 7 шәкіртақы белгілеу жүзеге аспақ.

"Жүз жылдығын ойлаған - адам тәрбиелейді" дейді халық даналығы. Мәңгілік Ел іргетасын берік ететіндер озық ойлы, жоғары мәдениетті, отан сүйгіш азаматтар. Біздің ең асыл мақсат-мүддеміз Жолдаудан туатын жауапкершілікке орай, жастарды оқыту мен тәрбиелеу ісін жақсартып, қатарларын молайта беру дегім келеді.

Құралбай МЕҢЛІБАЕВ.

Меңлібаев, Қ. Жолдау жауапкершілік жүктейді/Қ.Меңлібаев// Орталық Қазақстан.-2014.-20 ақп.(№34-35) – С.3.