Публикации


Ноябрь
ПН
ВТ
СР
ЧТ
ПТ
СБ
ВС
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
13
14
15
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
04.12.2017
ТАНЫМАЛ АЗАМАТ ЖАЙЛЫ ОЙ-ТОЛҒАМ...

​​

Қ.Меңлібаев

"Болашақ" академиясының ректоры, профессор

Өзің қызметтес болып, араласқан, азды-көпті ұлағат, тәрбиесін көрген адамдар туралы сол кезеңде айту бар да, жасына жас қосылып, арада недәуір уақыт өткенде барып айту бар. Екеуі де бір адамға арналып жазылған дүние болса да, толғам, пайым жағынан бір-бірінен ерекшеленіп тұратыны және ақиқат.

Мен үшін сондай бір танымал тұлға – Жамбыл Сәулебекұлы Ақылбаев болатын. Жәкеңнің басшылық қызметте болып, бар қабілет-қарымын барынша көрсеткен кезі республикамызда 1972 жылы екінші университет аталып, қазірде академик Е.А.Бөкетов есімін иеленіп отырған іргелі оқу орны Қарағанды мемлекеттік университетімен тығыз байланысты. Осы оқу орнының студенті, ассистент, оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, проректор қызметінде болып, Атыраудағы (бұрынғы Гурьев) пединститутта бес жылдай ректор болды, алайда бұрынғы қызмет істеген университетіне 1991 жылы ректор болып келгенін еске алсақ, ол кісінің қызметі ҚарМУ-мен ғана байланысты болды дегенді айрықша атаған жөн.

Тоқсаныншы жылдардың ішінде аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері С.Қ.Досмағанбетов ректор болған, сол кісінің іскерлігі мен тәжірибесі, тегеурінді шешімталдығы арқасында республикаға танымал болған пединститут Министрлік шешімімен университетке қосылды. Сол кезеңнің еліміз экономикасы үшін қаншалықты ауыр да күрделі болғаны мәлім. Одақ ыдыраған соң экономикалық байланыстар, бұрынғы жүйе бұзылды. Ауыр ахуал жоғарғы оқу орындарын да шарпыды. Нарықтың өз заңы бар, жағдай өте күрделі еді. Тәуелсіздігімізді жариялағанымызға да бәлендей көп уақыт өткен жоқты. Міне, сол тұста Жамбыл Сәулебекұлы үлкен ұйымдастырушылық, іскерлік, дамыл көрмейтін тынымсыздығымен, уақытпен санаспайтын қабілетімен көрінген еді. Іргелі екі оқу орнының бірігуі тек айтуға ғана жеңіл, себебі, қос ұжымның қалыптасқан ортасы, жүйеленген дәстүрі болатыны белгілі. Жәкеңнің ірілігі де сонда, ол кісі оқу орнын, қос ұжымды ортақ мақсат пен негізгі мүдде төңірегінде шебер жұмылдыра алды. Бұл – Ақылбаевтың іскерлігін ғана емес, басшы, ұстаз ретіндегі биіктігі десем, артық айтқандық бола қоймас. Кейіннен бір отырыста (ол кезде мен әлеуметтік факультеттің деканымын): "Оқу корпустарының, жатакханалардың сиқы кетіп қалыпты. Есіктері бүтін емес, терезелерінде шыны жоқ. Мен сондай ауыр кезеңде ректор болып келіп ем. Күнде барлығын аралап, жағдайды айтып, қала басшысына барам. Әбден мазаласам керек, қала басшысы Шаймерден Оразалинов інім: "Ойбай, Жәкең келеді қазір, сұрағандарын іздеңдер" дейтін көрінеді" - деп рахаттана күлгені есімде қалыпты. Университеттік білімге кір келтірмес үшін Жәкең оқу-тәрбие, ғылым, заманауи оқыту технологиясы, инновациялық үдеріс салаларына айрықша назар аударды. Университеттің материалдық базасының нығаюына ерекше көңіл бөлді. Оқытушылар мен студенттер үшін демалыс аймағын ашу, студенттік емхана, интернет жүйесі, "Университет" кафесі, тұрмыстық қызмет кешені, спорттық алаңдар, экономика факультеті мен химия факультеттері базасында оқу-ғылыми кешендік құрылымдарын құру, жатақханалар жүйесін жаңғырту, кітап қорын молайту, ғылыми дәрежеге диссертациялар қорғататын кеңестер ашу т.б. Жамбыл Сәулебекұлының санқырлы еңбегін айғақтайтын жайттарға жатады. Жылу, электр жүйесімен қамтамасыз ету саласында өте ауыр ахуал қалыптасқанда, ректор оқу корпустары мен жатақханаларды жылумен қамтамасыз ететін арнайы қондырғы сатып алып, орнаттырғаны, осыған риза болған тиісті органдардың: "Жамбыл Сәулебекұлы біздің иығымыздағы ауыр жүктің біразын жеңілдетті" дегені сол тұста айтылған сөз еді. Жәкең өз кезегінде университеттің алғашқы ректоры болған Е.А.Бөкетовтің, сондай-ақ З.М.Молдахметов, С.Қ.Досмағанбетов сияқты ірі тұлғалардың оқу орнында қалыптастырған игі дәстүрін лайықты түрде жалғастыра білді. Ол кадрларды қабілетіне, ғылым мен ұстаздық ісіндегі әлеуетіне қарай бағалайтын. Құрылымдық бөлімдер, кафедра, факультет декандары, проректорлар – бәрі де ректордың тамыр-таныстығы арқасында емес, іскерлігі мен білімпаздығы, көпшілікпен жұмыс істей алатын, ұйымдастырушылық сипатты басым жандардан тағайымдалған жұрттың бәріне аян-тән.

1991 жылдың басында ҚарМу-ге ректор болып тағайындалған Жамбыл Сәулебекұлы өзі қызметінен кеткенше университетті барынша өркендетіп дамытты. Оқу орнының беделі биіктеген сайын оған түсушілер саны да көбейді. Әр факультет заман талабына сай жаңа мамандықтар ашуға тырысатын. Ал, жаңа мамандық ашылса, оған ғылыми дәрежесі бар мамандар қажет. Осы орайда басқа оқу орындарымен байланыс орнату, таяу және алыс шетел университеттерімен ынтымақтастық келісім-шарттарын жасау жүзеге асырыла бастады. Жәкең үшін өмірдің сәні студенттерге сапалы білім беру, саналы тәрбие, нарық жағдайындағы бәсекелестікке сай мамандар әзірлеу болатын. "Біз Ұлы мәртебесі студентке қызмет етуіміз керек". Ол осы сөзді жиі айтатын. Өзі бастап, басқалар қоштап, бүкіл ұжым бір кісідей жұмылып, осы міндет үшін қызмет еттік.

Жәкең ректорлық қызметте жүргенде сол тоқсаныншы жылдырдың ішінде алыс шетел болып есептелетін Монғолиядан көптеген жастар Қазақстанға келіп оқитын болды. Жағдайдың оңала қоймаған кезі. Министрліктің шешімімен әр университетке тапсырма беріліп, шетелдік жастарды жатақханамен қамтамасыз ету мәселесіне арнайы нұсқау берілген, оқу мәселесі шешілсе де, жатақханаға орналастыру көптеген ректорлар үшін недәуір қиындық туғызғаны рас еді. Сол тұста шаруаға мығым, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары Жамбыл Сәулебекұлы жатақханаларды ерте бастан қамданып, дап-дайын қылғандықтан, университетке бөлінген орыннан әлдеқайда көп орын бөлді де, көрші мемлекеттің разылығына куә болды. Сол жылдары Монғолия мемлекеті үкіметінің шешіміне сай ол кісі арнайы орденмен марапатталды.

Тәуелсіз еліміздің тұңғыш Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев 1998 жылы өз кандидатурасын Президенттік сайлау қарсаңында үміткер етіп ұсынғанда Ж.Ақылбаевтың Қарағанды облысы бойынша сенімді өкіл болып бекуі, сайлау қорытындысынан соң Елбасы қолынан "Парасат" орденін алуы ректордың мемлекет пен қоғамдағы қайраткерлік қызметіне дәлел бола алады. Білім, ғылым саласындағы еңбегі үшін Жәкең басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталды. Қарағанды қаласы және Шет ауданының Құрметті азаматы атағын иеленді.

Ол Жоғары мектеп Халықаралық Ғылым академиясының академигі еді. Жоғары ғылыми дәрежені өз басының мәртебесі деп қана бағаламай, Академияның Ғылыми әлекетін, тәжірибесін университет үшін ұтымды пайдалана білді.

Аса принципшіл, өзгеге ғана емес, өзіне де қатаң талаптар қоя білетін Жамбыл Сәулебекұлы жұртпен емен-жарқын әңгімелескен кезінде де университет мүддесін есінен шығармайтын.

Мына бір жайт есімде қалыпты. Ол кісінің Атыраудан Қарағандыға келіп, ҚарМУ ректорлығына тағайындалғанына 2001 жылы тура он жыл толғанды. Университеттегі аға буын өкілдері мен факультет декандары, кафедра меңгерушілеріболып, бастама көтердік те, "Университет" кафесінде қызметтен соң, шай ішу рәсімін ұйымдастырдық. Жәкең ортамызда. Ресми мәжілістердегі әңгімеден гөрі, бұндай кештегі әңгіме, әрине, бөлектеу болатыны белгілі. Жәкең әр деканнан, кафедра меңгерушілері мен құрылым жетекшілерімен жұмыс жайлы сұрап, өте көңілді отырды. Сөйлеушілер ол кісіні ҚарМУ-де қызмет атқарғанына 10 жыл толуымен құттықтап, сөйлеп жатты. Аздаған сый-сияпаттарын ұсынып жатыр. Сөйлеу кезегі маған келді. Жәкеңді университет ректорлығы қызметтіне келгеніне 10 жыл толуымен әлеуметтік факультетіұжымы атынан құттықтадым. "Өзімнің алдында сөйлеген әріптестерімдей ұзақ сөйлеп, уақыт алғым келмейді. Және ірі сый-сияпат ұсынуды да жөн көрмедім.

Жәке! Сізге мен қалам сыйлайын деп тұрмын. Себебі, ғалым ретінде зерттеу еңбектеріңіз, диссертацияңыз, монографияңыз – бәрі де қаламмен жазылған, сондай-ақ басшы ретінде талай бұйырыққа да қаламмен қол қойдыңыз. Демек, қаламды киелі деуіміз керек. Монымен қатар, осы қаламды Сізге сыйлай отырып, бір өтінішімді де жеткізгім келіп тұр яғни аздаған құлығым да бар, оны да жасырмайын.

Жәке! Осы қаламмен ертең біздің факультетке компьютер беру туралы өтінішімізге қол қойыңызшы!" дедім күліп. Жұрт қыран-тапанн күліп жатыр. Құрдастарым: "Әй, қусын-ау! Әдемі сөйледің" деп, қағытып жатыр. Жәкең де көңілденіп, күліп жіберді. Ол кезде қазіргідей емес, компьютерлік техниканың тапшы кезі, факультеттерге енді-енді ғана беріле бастаған кезі еді. Ақыры, не керек, келесі күні Жәкең қызметтік өтінішімізге қол қойып, факультетіміз компьютер алды. Сол бір әзіл-қалжың аралас сөзім көпке дейін жігіттердің арасында әңгіме болып жүрді. Факультетке компьютер беру туралы өтінішімізге қол қоятын күні Жәкеңнің шақырғаны есімде қалыпты. Маған: "Мединститутта жүргенде, республикамыздағы бірде-бір оқу орнында жоқ "Әлеуметтік педагогика", "Әлеуметтік жұмыс" мамандықтарын ашқандарың, оқу жоспары мен бағдарламаларын жасауларын үлкен жетістік дер едім.

Біз бүгінгі күнді ғана емес, ертеңгі болашағымызды да осы бастан ойлауымыз керек ..." деп ризашылығын білдірді де, аз ғана толғаныстан соң, жымиып: "Өздеріңе компьютер берудің кезегі келе қойған жоқ қой, алайда кезектен тыс бергелі отырмын" деді. Мен бұның бәрін өзімді мақтау үшін айтып отырған жоқпын, Жәкеңнің асыл қасиеттерінің бір қырын көрсетіп кетейінші деген оймен қағазға түсірдім.

Жамбыл Сәулебекұлының университет дамуына қалдырған ізі сайрап жатыр. Ол кісі қалдырған дәстүрді қазіргі ректор, профессор Еркін Қинаятұлы Көбеев лайықты жалғастырып келе жатыр. Танымал жан туралы шағын еңбекте бәрін қамту мүмкін емес. Біз тек өз көкейіміздегі ой-толғамды ортаға салуға тырыстық ...