Публикации


Ноябрь
ПН
ВТ
СР
ЧТ
ПТ
СБ
ВС
1
2
3
4
5
6
7
8
9
10
11
13
14
15
17
18
19
20
21
22
23
24
25
26
27
28
29
30
01.10.2015
Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл "Тарихсыз болашақ жоқ" екендігін Елбасымыз талай рет қадап айтты

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толып, бұл датаның әрбір қазақстандық үшін аса маңызды тарихи құбылыстармен байланысты екенін есімізге салып, кеңінен тойлануы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Бұл ақиқатқа ешкім дау айта қоймас. Ұлт Көшбасшысы Уақыт пен Кеңістік категорияларының сырын тағы бір қырынан ашып, бүгінгі ұрпаққа Дәстүр мен Жаңашылдық ұғымдарын тарихи-философиялық тұрғыда былайша пайымдап берді:

​"Керей мен Жәнібек 1465 жылы алғашқы хандықты құрды, қазақтың мемлекеттілігінің тарихы сол кезден бастау алады. Бәлкім ол бүгінгі шекарасындағы,  бүкіл әлемге осынша танымал әрі беделді, осы ұғымның қазіргі мағынасындағыдай мемлекет болмаған да шығар. Бірақ бұлай деп сол кезеңдегі басқа да барлық мемлекеттер туралы да айтуға болады. Ең маңыздысы, сол кезде оған негіз қаланды, біз – бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Бүгінде біздің еліміз барлық таяу мемлекеттермен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап отыр. Осы қарым-қатынасты әрдайым сақтағанымыз жөн".

Студенттермен күн сайын жүзесіп, олардың бойындағы көзінен   жігер отын көріп, бойынан жасампаздық қуатын сезінген сайын, өрімдей балалардың өмірге деген құштарлығымен қанаттанамын. Қырық жылдай оқу орнында дәріс беріп келе жатқан мен қатарлы замандастарымның әрқайсының бақыты осы болса керек. Себебі, біздің көргеніміз – кеңестік тоталитарлық билік астындағы мемлекеттік құрылым болса, Тәуелсіздіктің алғашқы сәттеріне куә болып, соңғы ширек ғасыр бойы  "Өзімдікі" деп  мақтанып айта алатын мемлекеттің қалай құрылып, аяқтанғанын көріп келеміз. Тарихи қысқа мерзімде Қазақстанды "Міне, менің мемлекетім!" деп көрсете алатын дәрежеге жетіп отырмыз. Күніне мың мәрте "Тәубә!" деймін. Біз тәубешіл халықпыз. Өткенде қандай болғанымызды білеміз, келешекті байыппен бағдарлап, сын-соқпақтардан сабырмен өтіп келе жатқан, алға нақты мақсат қойып, жақсы үмітпен қадам басып келе жатқан халықпыз.

Айтпақшы, бір сабақ үстінде, қойын дәптерімді ақтарып отырып, Елбасының мына бір сөздерін қағазға түсіріп алғанымды көрдім. Студенттерге оқып бердім: "...Біздің мыңжылдыққа ұласатын шежіреміз бар, мақтаныш тұтатын бабаларымыздың тарихи ерліктері бар. Бөле-жара қарау мүмкін емес, рухани қазынамыз бар. Осының барлығы баршамызға ортақ мұра",..."Ұланғайыр жері бар, ұлы мұраты бар, елі бар, бабалары жазған ұлы тарихы мен ұрпағы бар, көз тіккен ұлы болашағы бар менің халқым - Ұлы халық. Сол халықтың Тұңғыш басшысы болу бақыты маған тигеніне тәубә деймін".

Бағамдап көрсек, осынау екі-үш сөйлемнің өзінде Тәуелсіздікті қолымен орнатып, етек-жеңін жиып берген, керегесін керіп, іргесін бекітіп берген дана басшымыздың  ғасырлар тарихын зерделейтін, келешекке жетелейтін қуаты мен кәміл сеніміне көзіңіз жетеді. Осы өмірімізде шет елдердің талай оқымыстыларының не бір терең деген трактаттарына үңілдік, классиктерді жаттадық. Сонда  қарап отырсам, жаңағы Уақыт пен Кеңістік аясындағы жеке адамның орны, оның бақыты мен ұлттың тағдыры тұтасып жатқаны, өткеннен бүгінгіні, бүгінгіден келешекті бөліп алуға болмайтыны Н. Назарбаевтың әрбір лебізінен танылып тұрады екен.

Бодандық бұғауынан босаған, азаттық алған қазақтың экономикасы құлдырап, не ішіп, не жеймін деген өтпелі бастау шағында-ақ  өзін-өзі тануға, өткеннен сабақ алуға ұмтылып, тарихты қазбалауы заңды еді. Тәуелсіздігіміз жарияланысымен, аузы дуалы, зиялы азаматтардың ақыл-кеңесімен тарихта өткен әйгілі бабалардың рухына бағыштап ас бере бастадық. Бұл да - елдің еркін, саналы өмірге аяқ басқанының алғашқы белгісі еді. Одан соң 1998 жылды Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Халық бірлігі мен Ұлттық тарих жылы" деп жариялады. Мұндай игі қадамдар қазақ оқымыстыларының ұлттық мәдени мұраларды түгендеуі, тарихтың ашылмаған ақтаңдақ беттеріне ден қоюы, тың тақырыптарды зерттеуі секілді қыруар шаруалармен жалғасын тапты.

Бүгінгі таңда кеңестік кезең, отарлық дәуір бұрмалаған жасанды қағидалар тұманы сейіліп, шын тарихты ашуға ынтықпыз.

Осы жылдары Президентіміз жазған  "Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы" (Дәуір,1992), "Тарих тағылымдары және қазіргі заман" (Қазақстан, 1997), "Тарих толқынында"  (Атамұра, 1999), "Жүз жылға татитын он жыл" , "Ғасырлар тоғысында"  (Атамұра, 2003), "Сындарлы он жыл" (Атамұра, 2003) кітаптарында Қазақстанның өткен ғасырлардан бері қарай желі тартатын тарихы, сол ұлы жолдың тәжірибесі, мына бүгінгі біздерге қалдырған сабақтары мен  үлгі-өнегесі сөз болады. Студент-жастардың назарына, Елбасымыздың бұдан басқа да "Ой бөлістім халқыммен", "Өзекжарды ойлар",  "Туған елім – тірегім",  "Қалың елім, қазағым" жинақтарын,  жұрт алдындағы сөздерін ұсынып отырамыз. Сондағы біздің міндетіміз – еліміздегі үлкенді-кішілі әрбір оқиға, мейлі экономикадағы жаңалық, өзгерістер, мейлі қоғамдық өмірдегі құбылыстар болсын, соларды жеріне жеткізе талдап, нақты мысалдармен дәйектеп береміз. Айтайын деп отырғаным, мысалы, Елбасы кітаптарының бас тақырыбына шығарылған сөздерді кім қалай түсінеді, қазақ тарихында Отанға деген сүйіспеншіліктің қандай мысалдары бар, олардың  уақыт өтсе де ескірмей, жадымызда жаңғыра түсуінің себнебі неде? деген сұрақтарға жастардың өздері жауап табатындай, сол жауаптары олардың өмірлік позициясын айқындап, қоршаған ортаға, уақытқа көзқарасын қалыптастыруға септесетіндей болсын-ау, деген тұрғыда.

Атап айту керек, Елбасымыздың 2015 жылы елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы тойлайтыны туралы мәлімдемесін барша қазақстандықтар ыстық ықыласпен қуана қабылдады, солардың бірі мен, қоғамдағы орным, кәсібім мен қызметім тұрғысында Елбасы аузынан осындай пайымды пікір естіп, жоғым табылғандай қуанып едім.   Президенттің Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау жөніндегі бастамасы "Мәңгілік Ел" идеясының ұлттық өміршең идеологияға айналғандығының риясыз көрінісі. Тарих деген - ғылым, ғылым болған соң, әртүрлі пікірлер жарысатыны да заңды ғой. Осы мәлімдемесімен Нұрсұлтан Назарбаев, ең алдымен, қазақтың тарихының аса маңызды, түйінді мәселесіне  қатысты ұзаққа созылған пікірталастарға ресми түрде нүкте қойды. Әдетте, қазақтың мемлекеттілік дәстүрі тым тереңге кететіндігін тарихшылар жақсы біледі. Алайда, XV ғасырдың екінші жартысында тарих сахнасына шыққан Қазақ хандығының құрылған нақты жылдарына қатысты зерттеушілер бір пікірге келе алмай жүрген. Енді, міне,  пікірталастың байлауы табылып, дуалы ауздан төрелігі айтылды. Бұл тұжырымға толық қосылатын мынадай жеке пікірім де бар.

Қазіргі тарихшылардың басым бөлігі қазақ хандығының құрылған кезін нақтылап, 1465 жылдың тамызы мен 1466 жылдың тамызы аралығын қарастырады. Бұл ұстанымға таласпаймын, себебі,  Қазақ хандығының дүниеге келуі туралы нақтылы дата жалғыз бір ғана  дереккөзде айтылған. Яғни, Мырза Мұхаммад Хайдардың "Тарих-и Рашиди" атты еңбегінде Керей мен Жәнібек билігі хижраның 870 жылы басталды делінген. Ал, есептеп отырсақ, біздің қазір қолданып жүрген күнтізбеміз бойынша, хижраның 870 жылы дегеніміз 1465 жылғы тамыз айының 24 жұлдызында кіріп,  1466 жылғы  тамыздың 11 жұлдызында шығады екен. Ежелгі тарихтан алған азды-көпті мағлұматымыз бойынша және өзге зерттеушілердің де байқағанындай, хан сайланатын  құрылтайлар күзге қарай,  тіршілік қарбаластары саябырсып,  ел етек-жеңін жиып, орныға бастаған шақта өтетін ата-бабамыздың келе жатқан дәстүріне  болған ғой. Міне, демек Керей сұлтанның таққа отыруы, тиісінше, Қазақ хандығының құрылуы 1465 жылдың  қазан-қараша айларына дөп келіп қалғаны әбден мүмкін деп ойлаймын.

Осылайша, біздің ата-бабаларымыз Еуразия құрлығындағы ұлы өркениеттің жылнамасына өшпес таңбасын қалдырды. "Тарихи тамырларымыздың бірлігі бізді түркі тілдес халықтармен ешқашан іргесі бөлінбейтін бауырлас етті. Ұлы Түркі елі - қазіргі заманауи мемлекеттер Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Түркия елдерінің ортақ тамыры", деген  Елбасы тәуелсіз Қазақстан еліміздің сан ғасырлық арманын ақиқатқа айналдырғанын атап өтті.      

Қазақтың ұлттық тарихы – теңдессіз тарих екенін жан-тәніңмен сезіну әрі қуаныш, әрі бақыт. Ұлтымыздың тарихынан, оның сан ғасыр бастан кешкен соқтықпалы-соқпақсыз тағдырынан сабақ алдық. Абыз тарих бізді дос пен қасты, жақсы мен жаманды, алыс пен жақынды жаңылмай айыра танитындай етіп тәрбиеледі. Шынықтық, шыңдалдық.

Қазақ хандығы - біздің елдігіміздің түп тамыры екендігін жас ұрпақтын санасына сіңірудің маңызды шарасы ретінде, осынау ұлы мүшелдің көне Таразға ұрымтал, қасиетті Шу өзенінің аңғарында өткізілуі де бір ғанибет. Бұл өлкедегі XV ғасырға дейінгі арғы ата-тек  тарихын айтпай-ақ қояйын, ірге көтерген 550 жыл ішінде Қазақ хандығы ешқандай елді жаулап, басқыншылық жасамағанын, көрші-қолаңға тізе батырмағанын айтамын. Бекзада болмысы мен биік рухы әрі текті, ақсүйек тұлғасымен кетісуді емес, бітісуді, жауласуды емес, татуласуды қолай көріп, ақиқатты ту қылып, ар үшін жан бергендердің ұрпағымыз. Байырғы қазақ жерінде, өз тізгініміз өзімізде, ұл-қыздарымыздың  тілеуін тілеп, мұңсыз-қамсыз той тойлауға әбден хақымыз бар екендігін жар салып айтқым келеді.

"Табысқа тоқмейілсімей, кейінгі ұрпаққа кемел Қазақстанды табыстау біздің ұрпақтың парызы. 21 ғасырдың сын-қатерінен төтеп беріп, ең дамыған елдердің біріне айналу біздің ортақ жауапкершілігіміз. Біз халқымыздың қаһармандық тарихын жасампаздық тарихына ұластырдық. Әлемдегі ең үлкен елу елдің сапына еніп, қазіргі күні ең қуатты отыз елмен иық тіресуге бет алдық. Рухы биік, еңсесі тік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңілік елдің мәртебесі асқақ болуы үшін бізде бәрі де бар. Ендеше, барды бағалап, дамыта білейік", - деген Нұрсұлтан Әбішұлының сөзіне қолдауымыз күшті, қосарымыз жоқ.

Той құтты болсын, Мәңгілік Қазақстанның мәртебесі биіктей берсін отандастар!

Құрал Меңлібаев,

 Қарағанды "Болашақ" академиясының ректоры.